Күдіктінің қандай диагнозбен ауруханаға түскені айтылды
Орал қаласында парамен ұсталған полиция басқармасы басшысының орынбасары Эдик Болатов төрт күннен кейін ауруханаға түсті, деп хабарлайды «Мой город» порталы.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Батыс Қазақстан облыстық департаментінің бастығы Азамат Ізтілеуов бұл ақпаратты растады. Оның айтуынша, 5 ақпанда Эдик Болатов уақытша ұстау изоляторынан тергеу абақтысына ауыстырылған. Ал 8 ақпанда ауруханаға жеткізілген, қазір күдіктінің жағдайы жақсарған.
Ол 8-11 ақпан аралығында «артериялық гипертензияның үшінші дәрежесі» деген диагнозбен Орал қаласының көпсалалық ауруханасында жатып шықты, - деді Ізтілеуов.
Еске салайық, 4 ақпанда Орал қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы («Пара алу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторында.
«Ішкі істер министрлігі лауазымына және атағына қарамастан, пара алу және азаматтардың құқығын бұзу фактілеріне жол берген полицейлерге қатысты шара қолдануды жалғастыра береді. Олардың кесірінен Қазақстан халқына қызмет ететін адал және таза полицейлердің атына кір келеді, – деді ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов.