Сепаратизм бойынша айыпталған оралдық сот отырысына мәжбүрлеп жеткізіледі
35 жастағы Максим Яковченко қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпталып отыр
Сепаратизмді насихаттады деп айыпталған Орал тұрғыны сот отырысына келмеді. Сол себепті Максим Яковченко келесі сот отырысына мәжбүрлі түрде жеткізілетін болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін Орал қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс Орал қалалық сотында қаралатыны хабарланды.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, айыпталушы бүгін сот отырысы болатынын білген, оған алдын ала ескертілген. Бүгін оның ұялы телефоны сөндірулі болған және сотқа келмейтінін ескертпеген.
Судья Найля Жүнісова айыпталушының сотқа келмеу себебін білмейтінін айтып, сот отырысын 14 қазанға белгіледі. Бұл туралы Максим Яковченкоға хабарлама жіберіледі.
Мемлекеттік айыптаушы соттан Максим Яковченконы мәжбүрлеп әкелу туралы өтініш білдірді.
Судья айыпталушыны сот отырысына мәжбүрлеп жеткізуді полицияға тапсыру жайлы шешімін жариялады. Келесі сот отырысы 14 қазанда өтеді.
Айта кетейік, Максим Яковченкоға қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған: 174-бабы «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және 180-бабы «сепаратистік әрекет».
Максим Яковченко әлеуметтік желіде «Орал, Петропавл, Павлодар және тағы басқаларын Ресейге беру керек. Себебі бұл жерде бәрін тек жояды. Жатжерлік билікте отыр. Жатжерліктер бәрін ластайды. Маймылдар жан-жағын жайпап, көшіп жүргенге үйренген» деп жазған.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы