Салтанат Тұрсынбекова президенттікке кандидат ретінде ұсынылды
Заңгер кейінгі жылдары қоғамдық жұмыспен айналысқан
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі президент сайлауына заңгер Салтанат Тұрсынбекованың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Бүгін құжат тапсыратын соңғы күн. Қазір қажет құжаттарды нотариалды куәландырудан өткізіп, тапсырғалы жатырмын. Себебі бір ай бойы қоғамдық бірлестік болып бұл тақырыпты өте көп талқыладық. Облыстарға барып, бірнеше кандидатты көрдік. Соңында мені ұсыну туралы ортақ шешімге келді. Сол себепті соңғы күнге дейін жүрдік», - дейді Салтанат Тұрсынбекова.
Ол сондай-ақ қазірге дейін ешқандай лауазымды қызметке ұмтылмағанын айтты.
«Осы күнге дейін лауазымға таласқан емеспін. Мемлекеттік қызметтен кетіп, бес жылдан бері қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып жүрмін», - дейді Тұрсынбекова.
Айта кетейік, заңгер Салтанат Тұрсынбекова әр жылдары мемлекеттік құрылымдарда, Жоғарғы сотта жұмыс істеген. Астана қаласы қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі, сондай-ақ «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының жетекшісі.
Бұған дейін 7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарақат Әбденді Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынды. 11 қазанда Орталық сайлау комиссиясы Қарақат Әбден президентікке үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкес келетінін мәлімдеді.