Петропавлда журналистерге күш көрсеткен күзетшіге қатысты сот процесі басталды
Оқиға 2021 жылдың екінші тамызында болған
Солтүстік Қазақстан облысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне күш көрсеткен күзетшілерге қатысты іс сотқа жетті. 2021 жылы тамызда «Хабар» агенттігінің түсірілім тобы Петропавл қаласындағы Dostyq Mall сауда ойын-сауық орталығына барып, Ashyq қосымшасы туралы материал әзірлемек болған. Алайда орталық күзетшілері түсірілімге қарсы болған.
Осылайша журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, БАҚ өкілдерін қоғамдық орыннан күштеп шығарған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Содан кейін тілшілер оқиға орнына бірден полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жазған.
Артынша құқық қорғау органдары қылмыстық кодекстің 158-бабы, 2-бөлігі («журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс белгісіз себеппен алты рет тоқтатылып, жетінші рет ашылды. Арада бір жыл екі ай өткенде ғана материал сотқа жолданды.
«Оқиға былтыр екінші тамызда болды. Редакциядан Ashyq қосымшасына қатысты сюжет жасау туралы тапсырма берілді. Облыстық санитариялық-эпедемиологиялық бақылау департаментіндегі мамандардан сұқбат алдық. Содан кейін қаладағы ең ірі сауда ойын-сауық орталығына бардық. Телеоператор түсірілімге бірден кірісіп кетті. Сол кезде орталықтың әкімшілігі түсірілімге рұқсат бар-жоғын сұрады. Біз ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ екенін түсіндірдік. Өйткені БАҚ туралы арнайы заң бар. Алайда біраз уақыттан соң айғай-шу басталды. Бірнеше күзетші операторды күштеп сыртқа шығарып жатыр екен. Олардың ешқайсысы біздің сөзімізге құлақ аспады. Заттарымен бірге сыртқа шығарды. Салдарынан камераға зақым келді», - дейді журналист Наталья Волкова.
Түсірілім кезінде телеоператорға бір азамат соққы жасаған. Кейіннен оның сауда орталығының қауіпсіздік қызметінің бастығы екені белгілі болды. Дәл осы азамат күзетшілерге БАҚ өкілдерін сыртқа шығаруды тапсырған.
Сот отырысы барысында жәбірленушілерден жауап алынды. Ал айыпталушының адвокаты қылмыстық іспен келіспейтінін мәлімдеп, қылмыстық іс бойынша жиналған материалды прокурорға қайта қарауға жіберуді ұсынды. Мемлекеттік айыптаушы оның ұсынысымен келіспеді. Істі жүргізіп отырған Петропавл қалалық сотының судьясы Әсем Жаналина да өтінішті қанағаттандырмады.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры ақпаратына сәйкес, Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 158-бабы бойынша тек бір ғана материал сотта қаралған. Петропавлда болған оқиға – екінші жағдай.
«Қазақстанда бұл бап бойынша өте аз іс сотқа дейін жеткен. Тіпті жоқ десе болады. Өз тәжірибемде кездескен жоқ. Себебі журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау деген бап елімізде тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Оны жасырмауымыз керек. Бұл БАҚ өкілдерінің құқығы тиісті деңгейде қорғайлай отыр деген сөз. Дегенмен бұл жолы жәбірленушілердің дәлелі жеткілікті. Бастысы құзырлы орган өкілдері бұл факті бойынша қылмыс құрамын анықтады. Біздің қолымызда барлық видеоматериал бар. Айғай-шуды басынан аяғына дейін оператор түсіріп алған. Күзетшілердің расында да түсірілім тобына кедергі келтіргенін аңғаруға болады», - деді жәбірленушілердің адвокаты Дмитрий Баранов.
Адвокат сот әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.
Іс бойынша алғашқы сот отырысы 11 қазанда өтті. Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамады.
Егер күдіктінің кінәсі толық дәлелденсе, онда оған 2000 АЕК (6 126 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Айта кетейік, іс бойынша келесі сот отырысы 18 қазанда өтеді.