Павлодар облысында шабылған 5 мың тоннадан аса шөп өртеніп кетті
Малмен ғана күнкөріп отырған мыңға тарта халқы бар ауыл қыста төрт түлігіне не берерін білмей дал
Павлодар облысында болған алапат өрттен шаруалардың қысқа дайындап қойған 5 мың тоннадан аса шөбі мен 3,5 мың гектар шабындық жері жанып кеткен. Олар екі күн бойы қызыл жалынмен арпалысқан. Тіпті өрт сөндірушілер келмеді дейді.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, өрт сөндірушілер жалын екінші күнге жалғасқанда бір-ақ жетіпті. Алайда бәрі де кеш еді. Малмен ғана күнкөріп отырған мыңға тарта халқы бар бүтін ауыл қыста төрт түлігіне не берерін білмей дал.
Бұл ретте төтенше жағдай мамандары өрт сөндірушілер келмеді деген ақпаратты жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, соңғы екі күнде дала өрті өңірдегі 4 ауданда тіркелген. Өрт сөндірушілер соның бәріне де жұмылдырылған көрінеді.
Өрт салдарынан 302 гектар жер жанды. Оның ішінде 500 руллон шөп өртеніп кетті. Тілсіз жаумен күреске жалпы саны 207 қызметкер 42 техника жұмылдырылды. Өрттің себебі мен шығын анықталып жатыр. Ал оны қасақана жасауы мүмкін деген күдікпен іс полицияға жолданды, - дейді облыстық ТЖД басқарма бастығы Сергей Огай.
Сондай-ақ Май ауданына қарасты Баскөл ауылында дәл осындай жағдай болған. Онда да шабындық алқаптар мен қысқа дайындалған шөп жанып кеткен. Әзірге қанша көлемде шығын келгені белгісіз.