Ақтөбе облысында мектеп директоры әйелі мен қызын пышақтап тастады: жаға ұстатар жайтқа қатысты тың деректер шықты

Халық үні

Ер адам сәуір айынан бастап мектеп директоры болып тағайындалған

ашық дереккөзден

Ақтөбе облысындағы Аққайтым орта мектебінің директоры өз отбасын ойрандады. Тұрмыстық жанжал кезінде әйелі мен сегіз жастағы қызына бірнеше жерден пышақ салған. Жанжалға не себеп болғаны әзірге белгісіз. Оны полиция анықтамақ. Күдікті сол күні қамауға алынған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

 «Ақтөбе облыстық Шалқар аудандық ПБ ҚР ҚК 99 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 37 жастағы күдікті анықталып, ол қамауға алынды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Отбасында екі қыз бала бар. Үлкені 8, кішісі 1 жарым жаста. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, «Адам өлтіруге оқталу» бабымен күдікті Жаңақоныс ауылындағы мектепте сәуір айында директор болып тағайындалып, артынша көшіп келген. Бұған дейін Шалқар аудандық білім бөлімінде әдіскер болып қызмет істеген.

«2022 жылдың сәуір айына дейін аудандық білім бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарды. Сәуір айынан бастап мектеп директоры болып тағайындалды. Осы жылдың қазан айының 6-нан бастап қызметінен босатылды», – деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшысы Жолдас Батырхан.
 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында мектеп директоры әйелі мен қызын пышақтап тастағанын хабарлаған болатынбыз.