Halyq Uni логотип
×

Ресейдегі мобилизацияға байланысты Қазақстан азаматтары әскерге шақырылып жатыр ма – СІМ жауап берді

Ресми өкілдің айтуынша, мұндай фактілер болған күннің өзінде шақырту азаматтыққа өтініш білдіргендерге келуі мүмкін

 Халық үні 10.10.2022 | 18:44
Ресейдегі мобилизацияға байланысты Қазақстан азаматтары әскерге шақырылып жатыр ма – СІМ жауап берді
ашық дереккөзден

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейдегі Қазақстан азаматтарын әскерге шақырып жатыр деген мәліметке пікір білдірді.

Бұған дейін Санкт-Петерборда тұратын Қазақстан азаматы әскерге шақырту алғаны туралы хабарлама тараған еді.

«Өткен аптада Қазақстан азаматтарына шақыру қағаз келіп жатқаны туралы ақпарат болды. Шын мәнінде, бұл аралықта бізге бір ғана азаматымыз жүгінген еді. Бұл оқиғаның өзі Мәскеу қаласында болған. Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдарына келіп жатқан түрлі хабарламаларға сенбеуді сұраймыз», - деді Айбек Смадияров брифингте.

Ресми өкілдің айтуынша, мұндай фактілер болған күннің өзінде шақырту азаматтыққа өтініш білдіргендерге келуі мүмкін.

«Яғни РФ азаматтығына құжат тапсырғандардың мәліметі дерекқордан шығуы мүмкін, қос азаматтығы болып, бірақ Ресей азаматтығы бар екенін мойындамайтындар да бар. Осылайша олар күрделі жағдайдан қашу үшін өздерін Қазақстан азаматымыз деп атай бастайды», - дейді ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама