Жетісу облысында 131 млн теңгеге салынған ойын алаңы екі жылға жетпей қирап жатыр
Балалар алаңы 2020 жылдың желтоқсанында қолданысқа берілген
Жетісу облысындағы елдімекенде екі жылға жуық уақыт бұрын пайдалануға берілген балалар ойын алаңы қирап жатыр. Ақсу ауданында салынған алаңның құрылысына 131 миллион теңге жұмсалған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қызылағаш ауыл округіндегі нысан 2020 жылы желтоқсанда қолданысқа берілген. Тұрғындар ойын алаңынан қирағанына былтырдан бастап шағымданған.
Қазір ойын алаңындағы заттардың біразы сынған, ал жерге төселген жабындының жартысы жоқ. Алаңның маңында құрылыс материалдары шашылып жатыр. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.
«Балалар жазатайым жарақаттанып қала ма деп жанымды шүберекке түйіп отырамын. Ауылда бұдан басқа ойын алаңы жоқ. Сондықтан осында келуге мәжбүрміз. Қыздарымды көзден таса қылмаймын. Мына үйілген кірпіштердің үстіне шығып кетеді. Аяқ-қолын ауыртып ала ма деп қорқамын», - дейді ауыл тұрғыны.
Ойын алаңы Бақберген Мұсаұлы көшесіндегі саябақтың ішінде орналасқан.
«Алаңның құрылысына 131 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл қаражатқа Қызылағаш ауылындағы су тасқыны құрбандарына арналған ескерткіш айналасын жөндеу ісі де кіреді. Балалар алаңындағы құрал-жабдықты бүлдіршіндер ойнап жүріп сындырған. Енді бірін бәзбіреулер әдейі бүлдіріп кеткен», - дейді Қызылағаш ауыл округі әкімі Айдар Самихов.
Әкімнің айтуынша, бұл алаң 8 жасқа дейінгі балаларға арналған. Алайда мұнда жоғары сынып оқушылары да келеді.
Жаңа алаң вандализм әрекеті салдарынан бүлінген, - дейді әкім.
Нысан құжаттарына сәйкес, алаңдағы заттарға 3 жылға құрылысты жүргізген компания жауап береді.
Сондықтан ауыл округі басшысы былтыр жауапты мердігер «Қолғанат құрылыс» ЖШС-ға өтініш білдіріп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Биыл да 3 хат жолданған. Алайда құрылысшылар жауаптан жалтарып отыр.
Біз «Қолғанат құрылыс» ЖШС өкілдеріне бұзылған алаңды қалпына келтіруге 2 апта уақыт бердік. Егер тиісті шаралар қабылдамаса, сотқа жүгінеміз, - дейді Ақсу ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Асхат Рахманов.
Ал тұрғындар ойын алаңын тезірек қалпына келтірмесе, облыс әкіміне шағымданатынын айтты.
Әмина Құдайберген, Жетісу облысы