АҚШ пен Қазақстанның арасындағы байланыстың да негізгі мақсаты – Қазақтанның мейлінше қауіпсіздігін нығайту
АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері өзара байланыстарын ширата түспек. Осы орайда, С5+1 форматы аясында, яғни Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және АҚШ Үкіметі бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл жөнінде толығырақ Qazaqstan телеарнасы хабарлады.
Хатшылық виртуалды болады. Осы арқылы тараптар енді тұрақты кездесулер өткізіп, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстарға кедергі болып жатқан мәселелерді дер кезінде шешіп, өзара уағдаластықтарын үйлестіруге мүмкіндік алады.
Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері мен Американың Мемлекеттік хатшысы Нью-Йоркте кездескен. АҚШ-тың үш бірдей президентіне Орталық Азия мен Еуразия жөнінде кеңесші болған Фредерик Старр С5+1 форматының бірлескен мәлімдемесі аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін жасалған қадам дейді.
Бес елдің өзара байланысы тереңдеген сайын тиімділігі де арта түседі. Экономикада ғана емес, барлық салада қарым-қатынасты нығайта беру қажет. Бірлескен мәлімдемеде айтылған дүниелерді тезірек жүзеге асырған жөн. Ол үшін 1,5 ай бұрын Ыстықкөлде бес мемлекеттің басшысы қол қойған құжатты негізге алу керек, - деді Вашингтондағы Орталық Азия институтының негізін салушы Фредерик Старр.
Бірлескен мәлімдемеде Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау туралы да баса айтылған. Бұл орайда, БҰҰ қағидаттарын бұлжытпай орындау, оның ішінде даулы мәселелерді дипломатия жолымен шешу қажеті жазылған.
Шын мәнінде қазір Қазақстан үшін де, Орталық Азия үшін де аймақтың қауіпсіздігі үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл, әрине, өте нәзік тақырып. АҚШ пен Қазақстанның арасындағы байланыстың да негізгі мақсаты – Қазақтанның мейлінше қауіпсіздігін нығайту. Солтүстік пен Оңтүстіктен келетін геосаяси сын-қатерлерге төтеп бере алатындай әлеуетін көтеру, - дейді Орталық Азия және Кавказ институтының директоры Сванте Корнелл.
Сондай ақ тараптар климаттың өзгеруіне қарсы тұру және жасыл технологияларды дамыту арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты кеңейте түспек.
Жалпы С5+1 форматы осыдан жеті жыл бұрын құрылған еді. Алайда, оның өңір үшін өзектілігі қазіргі геосаяси жағдай ушыққан уақытта арта түсті. Сондықтан сарапшылар Сыртқы істер министрлерің бұл жолғы кездесуі шын мәнінде Орталық азия елдері мен АҚШ арасындағы ынтымақтастыққа нақты серпін береріне сенімді.