Павлодар облысында екі балықшы суға батып кетті
Олар балық аулауға 5 қазанда шыққан болатын
Павлодар облысында жоғалған екі балықшының денесі табылды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 қазан күні Екібастұз полициясына 64 жастағы қала тұрғыны жүгініп, өзінің 69 жастағы жұбайын іздеуге көмек беруді сұраған. Оның айтуынша, 5 қазан күні сағат 12.30 шамасында ер адам УАЗ көлігіне отырып, танысымен бірге балық аулауға кеткен. Сол күннен бері үйіне оралмаған. Бұл өтініш адамның жоғалу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
9 қазанда Кутояксор көлінде іздеу іс-шаралары мен оқиға орнын тексеру барысында УАЗ көлігі табылды. Оның ішінен құжаттары, ақшалары, ұялы телефондар мен автокөліктің кілті табылды. Көлікте резеңке қайық болмады, бірақ құтқару кеудешелері сол жерде жатты.
Бүгін, 10 қазан күні сағат 14.00 шамасында іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде екі балықшының денесі табылды. Жергілікті жерде полиция және Төтенше жағдайлар қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Мәйіттер бойынша сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімін қабылдаймыз, - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында балықшылардың бірнеше көлігі мен қайығы суға кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.