Республикалық тазы жарысында ШҚО-ның Көкқасқасы озық шықты
Іс-шараны ұйымдастырушы «Асыл қазына» федерациясы тазы жарысын алдағы уақытта ұлттық спорт деңгейіне жеткізбек
Кеше Ақмола облысының Аршалы ауданында «Жүйрік тазы» республикалық жарысына шырға тартып, тазыларды жарыстыруға еліміздің 16 өңірі мен Астана, Алматы қалаларынан саятшылар келді деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Сайысқа 36 ит түсіп, шырға тартудың өзі 6 айналымға ұласты. Әр айналымда жарыс жолындағы 5 тазының ішіндегі жүйрігі ақтық сынға іріктеліп отырды.
1,5 шақырым қашықтыққа жарыса жүгірген иттің әрқайсысы – өз өңірінің маңдайалды жүйрігі. Сондықтан шырға тарту жарысының жеңімпазын ақтық сында бірден анықтау мүмкін болмады. Кішігірім үзілістен кейін әділқазылардың шешімімен алдыңғы 6 айналымда озып шыққан құмай тазылар қайтадан жарысты.
Финалда Шығыс Қазақстан облысының тумасы Мансұр Қанатбекұлының 3,5 жастағы Көкқасқа атты арланы озып шықты. Осылайша, ол иесіне жүлдеге тігілген атты мінгізді. Сарықасқа атты тазының арқасында Қарағанды облысынан келген Сағат Қапашев екінші жүлделі орынға ие болды. Ал маңғыстаулық Бауыржан Оразалиев Барон атты тазысымен үшінші орынды місе тұтты.
Айта кетсек, «Асыл қазына» федерациясының ұйымдастыруымен мұндай жарыс Қазақстанда бесінші рет өткізіліп отыр. Мақсаты – қазақы құмай тазы тұқымын сақтап, кеңінен дәріптеу.
Ит жүгірту сайысынан бөлек, қыр басында қазақи қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Әсіресе, асыл тұқымды тазының бейнесі салынған суреттер көз тартады. Ал іс-шараны ұйымдастырушы «Асыл қазына» федерациясы тазы жарысын алдағы уақытта ұлттық спорт деңгейіне жеткізбек ниетте.