Түркістан облысында ер адам 6 млн теңгенің шөбін өртеп жіберген (ВИДЕО)
Ол шөптің қалай өртенгенін бақылап тұрған
Түркістан облысында шөп тиелген жүк көлігін өртеген күдікті ұсталды деп хабарлады Polisia.kz.
8 қазанда кешкі сағат 21.50 шамасында Сайрам аудандық ПБ-ның кезекші бөліміне шөп артылған ГАЗ-53 жүк көлігінің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері шұғыл жетті.
Белгісіз адам Бәйдібек ауданының тұрғынына тиесілі 280 пресс шөп тиелген жүк көлігін өртеп жіберген. Келтірілген шығынның жалпы көлемі – шамамен 6 млн теңге, - деп жазылған хабарламада.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полицейлер куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер жүк көлігіне тиелген шөпті өртеп жіберген күдіктіні анықтады. Ол ешқайда кетпей, оқиға орнында шөптің қалай өртенгенін бақылаған.
Полиция қызметкерлері өртті Сайрам ауданының тұрғыны қойғанын анықтаған. Оның мұндай қадамға неге барғаны белгісіз.
Бүгінде бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 202-бабы («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті қамауға алынды.