Halyq Uni логотип
×

Қырым көпіріндегі алапат жарылысқа қатысты тың деректер шықты

Осы аптада әлем назарына іліккен ең басты оқиға – Қырым көпіріндегі алапат жарылыс

 Халық үні 09.10.2022 | 23:51
Қырым көпіріндегі алапат жарылысқа қатысты тың деректер шықты
фото: ашық дереккөзден

3 жарым миллиард доллардан астам қаражатқа салынған өткел Еуропадағы ең ұзын су жолы саналады. Көпір Ресейдің Украинадағы әскерін керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін үлкен рөл атқарды. Бұл апат Кремльді күйіндіріп, Украинаны қуантып отыр. Ал, майдан даласындағы жағдайға келсек, Киевтің күштері шығыста ғана емес, оңтүстікте де жүздеген шаршы шақырым аумақты қайтарғанын жариялады. Ресей қорғаныс министрлігі болса, мұны жоққа шығарып отыр. 

Сенбінің таңында Ресейдің Краснодар өлкесін Қырым түбегімен жалғастыратын Керчень көпірінде алапат жарылыс болды. Одан автожолдың екі бөлігі опырылып түсіп, теміржол зақымданды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, көпірдің үстінде жүк көлігі жарылған. Үш адам қаза тапты. Және де жанармай құйылған жеті цистерна өртке оранған. Бүкіл әлем назарына іліккен оқиғаның нақты себебін ешкім білмейді. Тергеу жүріп жатыр.

Ресей Тергеу комитетінің Бас тергеу басқармасы Қырым көпіріндегі оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Алдын-ала мәліметтер бойынша, Қырым көпірінің Тамань түбегі жағындағы автокөлік бөлігінде жүк көлігі жарылған,-дейді Ресей тергеу комитетінің өкілі Светлана Петренко. 

Ұзындығы 19-шақырымдық көпір 2018 жылы ашылды. Ресей үшін оның стратегиялық маңызы өте зор. Өйткені, бұл өткелден пойыздар да жүреді. Демек, онымен Украина әскерімен шайқасып жатқан армияға вагон-вагон жүк пен қосымша күш жеткізуге болатын. Ал, ұшақтар мен кемелерде мұндай мүмкіндік жоқ.

Ресей жарылыс үшін Украинаға әзірге айып таққан жоқ. Киев те бұған өзінің қатысы барын мәлімдемеді. Ал, қарапайым украиналықтарды Қырым көпірінің күйреуі қуантпаса, қайғыртпаған тәрізді.

Біз көпірдің өртенуін күткен едік. Менің ойымша, бұны барлық украиндықтар күтті. Біз осының ақыры басталғанына өте қуаныштымыз, дейді Полтава облысының тұрғыны Светлана Степун. 

Көпірдегі жарылыстан кейін бірнеше сағат өткенде Ресей Қорғаныс министрлігі Ресейдің Украинадағы әскерінің қолбасшысы болып, генерал Сергей Суровикин тағайындалғанын хабарлады. Жазда Украинаның оңтүстігіндегі операцияларға жауапты болған Суровикин бұрын Сириядағы ресейлік күштерді басқарған және Алеппоның көп бөлігін жойған бомбалау науқанын бақылады.

Керчендегі оқиғадан соң президент Владимир Путин Қырым мен Ресей арасындағы көпір мен энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін күшейту туралы жарлыққа қол қойды және бұл жұмысты Федералдық қауіпсіздік қызметіне жүктеді. Ал, Мемлекеттік дума Украинадағы әскери науқанды «терроризмге қарсы операция» деп атауға және көрші елдің инфрақұрылымдарын одан сайын қиратуға үндеп отыр.

Майдан даласындағы жағдайға келсек, Ресей Украинаның Херсон облысында да позицияларынан айрылып жатқанын жоққа шығарды.

Андреевка-Кривой Рог осінде Ресей армиясының бөлімшелері өз позицияларын ұстап, қарсыластың басым күштерінің шабуылдарына тойтарыс беріп жатыр. Ұрыс кезінде Херсон облысы Нова Каменкада соңғы 30-ға жуық ұлтшыл өлтіріліп, екі танк пен жаяу әскердің төрт жауынгерлік машинасы жойылды, дейді Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков. 

Бірақ, осыдан екі күн бұрын Зеленский мәлімдегендей, Украина армиясы шығыста 2 жарым мыңға жуық шаршы шақырым аумақ пен 96 ауылды Ресей әскерінен азат еткен.

Сонымен қатар, Харьков облысын түгелдей қайтарып, Луганск, Донецк облыстарында қорғаныстан қарымта шабуылға кіріскен украиналықтар енді оңтүстіктегі Херсонда 500 шаршы шақырым жер мен ондаған елді мекенді бақылауға алғанын жариялап отыр.

Дереккөз: Qazaqstav TV

Серіктес жаңалықтары

Сараптама