Шідерті кентінен 10 шақырым жердегі оқиға туралы хабар түскен
Павлодар облысында болған екі ірі жол апатынан төрт адам көз жұмды. Жол-көлік оқиғалары сенбі күні кешке Шідерті кенті мен Ақсу ауылдық аймағында орын алды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, Шідерті кентінен 10 шақырым жердегі оқиға туралы хабар сағат 21:22-де түскен.
Мұнда екі көлік соғысып, нәтижесінде біреуі өртенген. Медиктер 9 минутта жетті. 7 жастағы бала көмек келгенге дейін көз жұмған, - деді 103 қызметінде.
2 және 5 жастағы тағы екі бала, 24 жастағы ер адам мен 30 және 51 жастағы әйел адамдар Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
Екінші жол апаты сағат 22:00 шамасында Ақсу қаласынан 25 шақырым жерде орын алған.
Екі көлік соқтығысынан 5 адам зардап шекті. Жедел жәрдем топтары бірінші санаттағы жеделдікпен 13 минутта жетті. 2 және 6 жасар балалар мен 40 жастағы әйел адам алған жарақаттарынан көз жұмды, - деді 103 қызметінде.
40 және 58 жастағы ер адамдар Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді.