Дайрабаев президенттікке кандидаттарға қойылатын барлық талаптарға сай – ОСК
Комиссия сәйкесінше қаулы шығарды
Орталық сайлау комиссиясы бүгінгі отырысында Жигули Дайрабаевты президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарға сай деп таныды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов Жигули Дайрабаевты ҚР президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынғанын айтып, үміткердің ОСК қарауына қандай құжаттар тапсырғанын атап шықты.
Бұған қоса ол кандидат Жигули Дайрабаевқа қатысты Сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады.
1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын.
2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін, – делінген ОСК қаулысында.
Айта кетсек, кеше, 8 қазан күні Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мейрам Қажыкенді кандидаттарға қойылатын барлық талаптарға сай деп анықтаған болатын.