×

Алматы соты қарақалпақ белсендісін 40 күнге қамауға алды

Зиуар Мирманбетованы 4 қазан күні жұмыс орнында Алматы қалалық полиция департаментінің қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері ұстаған

 Халық үні 09.10.2022 | 08:40
ашық дереккөзден

7 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бірнеше күн бұрын ұсталған қарақалпақ белсендісі Зиуар Мирманбетованы 40 күнге қамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттыққа «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының» өкілі Денис Живаго хабарлады.

Живагоның айтуынша, прокурор судьядан белсендіні 40 күнге қамауды сұраған. Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырған.

Адвокаттар жағы Зиуардың кәмелеттік жасқа толмаған екі кішкентай баласының бар екенін ескере отырып, оны үйқамаққа шығаруды сұрадық. Бірақ біздің өтінішіміз ескерілмеді, - дейді ол.

Алматыдағы мейрамханалардың бірінде аспаз болып істейтін Зиуар Мирманбетованы 4 қазан күні жұмыс орнында Алматы қалалық полиция департаментінің қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері ұстаған. Оған Өзбекстанда «конституциялық құрылысқа нұқсан келтіру» бабы бойынша із қозғалып, іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тараған болатын. Азаттыққа хабарласқан Зиуардың сіңлісі Гүлнар Мирманбетова «Оған нұқсан келтіруден басқа Қарақалпақстанда шілде айында болған наразылыққа қатысты да айып тағылып отыр» деген еді.

Бұған дейін Алматыда Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты үш қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов және Раиса Құдайбергенова ұсталған еді. 20 қыркүйекте жергілікті сот оларға 40 күнге қамау жөнінде бұлтартпау шарасын белгілеген.

Қарақалпақ диаспорасының кейбір өкілдері олар қазанда өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) адам құқықтары жөнінде отырысына байланысты тұтқындалды деп есептейді.

Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылықты күшпен басып-жаншыған Өзбекстан билігі Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялаған.

Ресми мәліметке қарағанда Қарақалпақстандағы оқиға кезінде 21 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау органдарының өкілі. Осы оқиғадан кейін Өзбекстан парламенті конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.

Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.

Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерінің хабарлауынша, шілдеден бері Қазақстан және Өзбекстанның құқық қорғау органдары Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты бірқатар белсенділерді тергеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама