«Бұған дейін қыздарынан айырылған»: бір күнде төрт адамы қайтыс болған отбасы туралы тың мәлімет шықты

Халық үні

Туыстарының айтуынша, отбасында алты бала бар.

Фото: inbusiness.kz

Алматы облысында әйел күйеуі мен үш баласын өлі күйінде тапты. Оқиға Іле ауданындағы саяжайлардың бірінде болған. Қайтыс болғандар газға уланып қалған. Белгілі болғандай отбасы осы оқиғаға дейін қыздарынан айырылған екен, деп хабарлайды Еуразия арнасы.

Жұмыстан үйіне келген әйел күйеуі мен үш ұлының қимылсыз жатқанын көреді. Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына келгенімен, барлығы кеш болған. 

Қайтыс болғандар газдан уланып қалған. Жиырма бес литрлік пропан цистернасы уақытша жылыту пешіне қосылған. Оны әкелері өз қолымен жасаған болып шықты. 

Отбасы өңірге бірнеше ай бұрын Тараз қаласынан көшіп келген. Ал әйелі жергілікті мектепте аспаз болып жұмыс істеген. Қайтыс болған егіз ағайынды 8 жаста, тағы бір баланың жасы 13-те болған. Туыстарының айтуынша, отбасында алты бала бар. Бұл қайғылы оқиғаға дейін олар бір қызынан айырылған екен. Олар туған жері Жамбыл облысына жерленеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жомарт саяжайында бір отбасының 4 мүшесі газдан уланып, көз жұмды.