Жолдың сапасыздығы салдарынан бір өңірде 20 әкім жауапқа тартылды

Еркеғали Болатұлы

210 лауазымды тұлғаға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынып отыр

фото: ашық дереккөз

Мердігер мекемелердің жұмысын тиісті деңгейде бақылауға алмағаны үшін мемлекеттік қызметкерлерге қатысты әкімшілік іс қозғалған.

Жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарда көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Мысалы, асфальті тозып, жолға тиісті белгілер орнатылмаған. Сондай-ақ қыста дер кезінде қардан тазартылмаған және мұз бетіне инертті материалдар себілмеген.

Полицейлер 32 мың шақырым жолды тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою туралы 1,5 мыңнан астам ұйғарым берген. 210 лауазымды тұлғаға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынып отыр.

«Әкімшілік жауапкершілікке әртүрлі деңгейдегі 20 әкім тартылды. Сонымен қатар, автомобиль жолдары басқармасының басшысы, орынбасары және өзге де лауазымды тұлғалар бар», - деді облыстық полиция департаментінің бөлім бастығы Еркін Өтеген.