Halyq Uni логотип
×

Алматы облысында бір отбасынан 4 адам көз жұмды: қайғылы оқиғаға қатысты деректер шықты

Бұл отбасы 2 ай бұрын Тараз қаласынан көшіп келген көрінеді

 Халық үні 08.10.2022 | 07:52
Алматы облысында бір отбасынан 4 адам көз жұмды: қайғылы оқиғаға қатысты деректер шықты
фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында бір отбасынан 4 адам көз жұмды. Төтенше жағдайлар қызметінің ақпаратынша, отағасы мен оның үш баласы пропан газына уланған. Үйді жылыту үшін 25 литрлік баллонды газ-пешке қосып қойған көрінеді.

Оқиға Іле ауданына қарасты Жомарт саяжай қоғамдастығында болған. Отағасы мектепте аспаз боп жұмыс істейтін жұбайын түнгі ауысымға апарып, үйге келіп жатып қалған. Ол уақытта 3 ұлы да ұйықтап жатқан. Отбасы мүшелері сол күйі оянбапты.

Оқиға орнына ТЖД жедел тобы, өрт сынақ зертханасы, сондай-ақ Іле ауданының тергеу-жедел тобы мен аудандық полиция басқармасы және жедел медициналық көмек топтары жіберілді. 1970 жылы туған азамат және оның үш ұлы, біреуі 2009 жылы туған және 2014 жылы туған екеуі пропан газына уланған, деді Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі. 

Бұл отбасы 2 ай бұрын Тараз қаласынан көшіп келген көрінеді. Үйге газ құбырын жүргізу үшін тапсырыс беріп қойған. Оны 3 ай күту керек деген соң, баспанасын өз бетімен жылыта бастапты.

Ол да ұйықтап қалған, балалар да ұйықтап қалған. Білмейді, сезбеген иісті. Бәрі бір бөлмеде жатқан екен. Әйелі келіп біледі бұлардың сондай уланып қалғанын. Жақсы, тыныш, жуас адамдар еді, дейді саяжай тұрғыны Ысмайыл Нұрғабылов. 

Тұрғындардың айтуынша, елдімекендегілердің көпшілігі әлі күнге дейін үйлеріне газ кіргізбеген. Себебі, ол үшін қомақты қаражат керек. «Ал мұны көптің қалтасы көтере бермейді»,- дейді. 

Бұл болған жағдай природный газдың қымбатшылығынан. Мен өзім көпбалалы анамын. Менің ондайға шама жетпейді. Өйткені мына қосылатын природный газдың бағасы өте қымбат. Жоқ дегенде 500-600.000 теңге көлемі. Паровойын, пешін қоспағанның өзінде. Бізге ешқандай жеңілдік жоқ. Қанша көпбалалы ана болсақ та, дейді саяжай тұрғыны Мөлдір Сүйірбаева. 

Отбасы мүшелерінің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Қайтыс болған үш баладан бөлек жанұяда 1 ұл, 1 қыз бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама