Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды
Солтүстік Қазақстан облысында шекарашылар есірткі тасымалының жолын кесті. 6 қазанында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі «Қарақоға» бақылау бөлімшесінде мемлекеттік шекараны заңсыз өтпек болған күдікті азаматты ұстады.
Қызметтік иттің көмегімен жолаушылардың жүгін тінту кезінде жасыл түсті зат табылды.
Салмағы шамамен – 100 грамм.
Сараптама оның гашиш есірткісі екенін көрсетті.
Күдіктіге қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат Мағжан Жұмабаев ауданы бойынша полиция бөліміне тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда АҚШ-тан гашиш пен марихуананы пошта арқылы жеткізу арнасының жолы кесілді. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, биыл 2 қазанда Алматы қаласында АҚШ-тан пошта жөнелтілімдері арқылы аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасымен айналысқан азаматтар ұсталды. Қызметтік-іздестіру итінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде олардан салмағы 648,98 гр. «марихуана», сондай-ақ жалпы салмағы 675,65 гр «гашиш» есірткі заттары табылып, тәркіленген.
Аталған адамдар Telegram мессенджері арқылы Қазақстан аумағында есірткі сатуды жоспарлады, тінту барысында электрондық таразылар мен өлшеп, орауға қажетті басқа да құралдар табылды.