Астанада жаңа мешіт ашылды
Ол «Көктал 1» және «Көктал 2» шағын ауданының тұрғындары үшін қызмет ететін болады
Бүгін Астана қаласында сәулеті ерекше мешіт ашылды. Ол елордада ашылған 14 мешіт.
Жұма намазда Қазақстан мүсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, игі тілегін білдірді.
Бүгін – көптен күткен қуанышты күн. Осы мешіттің ашылуын бірнеше жыл күткен едік. Сәулеті мен сәні жарасқан мешіттің ашылуы құтты болсын! Мешіт – барша жақсылықтың, мейірімділіктің, берекенің тоғысқан жері. Мешіттің орны қашан да бөлек. Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани және мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірліктің, берекенің ошағына айналады деген сенімдеміз, – деді өзінің құттықтау сөзінде бас мүфти.
Мешіт қаланың «Көктал» шағын ауданында ашылған. Онда бір мезетте 500 адам құлшылық ете алады. Бұл – ел азаматтарының, мердігерлердің, демеушілердің, жанашыр халықтың қаржысымен салынған мешіт. Ол «Көктал 1» және «Көктал 2» шағын ауданының тұрғындары үшін қызмет ететін болады.
ҚМДБ деректеріне қарағанда, қазіргі кезде елімізде 2716 мешіт бар.