Сарайшықтан алғаш рет керуен сарайдың орны табылды
«Қарағайлы» мекенінде қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар мен мыс тиындар шықты
Атырау облысы Махамбет ауданында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» тақырыбында далалық семинар өтті.
Бұл туралы Махамбет ауданы әкімдігі хабарлады.
Семинар кезінде еліміздің және Ресейден арнайы келген ғалымдар керуен жолдарын барлау барысында «Канал», «Шойтас», «Құлпытас», «Ащысай» тұрағы және Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан анықталған алтынордалық «Қарағайлы» мекеніне барды.
Осы жерде қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Археолог Мадияр Елеуов пен Вячислав Плахов бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болған деген пікір білдірді. Нумизмат Павел Петров табылған тиындар Алтын Орда дәуірлеп тұрған Өзбек хан кезеңіне (1283-1341 жж.) жататындығын айтты. Археолог Марат Қасеновтің айтуынша, бұл аймақта Сарайшықтан кейін күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездесіп тұр.