Іс бойынша екі мыңнан аса жәбірленуші бар
Түркістан қалалық сотында ұйымдасқан қылмыстық топтың 25 мүшесіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Соттың хабарлауынша, Дәурен Қазбекұлы және тағы 24 сотталушы Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі (қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету) және 262-бабының 1-бөлігі, 262-бабының 2-бөлігі (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, оларға қатысу) бойынша айыпталды.
Сот ұйымдасқан қылмыстық топ басшылары «Evolution Corporation» ЖШС-ның директоры әрі қалаушысы Қазбекұлы және оның 24 сыбайласымен бірге 2017-2020 жыл аралығында Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Астана және Алматы қалаларында қылмыстық топ құрып және оған басшылық еткенін анықтады. Олар нұсқаулық арқылы әрекет етіп, пайда табу мақсатында «Evolution Corporation» ЖШС және «Индиго 24» ЖШС қаржы пирамидаларын құрған. Сондай-ақ оларға басшылық жасаған.
Іс бойынша 25 сотталушы, 2 087 жәбірленуші бар. Қылмыстық іс мың томнан тұрады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар республиканың 6 облысында жасалған, - деп хабарлады Түркістан қалалық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, сот барысынша сотталушылар өзіне тағылған кінәні мойындамады. Олар жалдамалы жұмысшы ретінде басшылардың нұсқауын орындағанын айтты.
«Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің айғағы, ортада жасалған келісімшарт және кеңсені қарау кезінде табылған хаттамалар арқылы, ЖШС бухгалтерлік құжаты, аудиторлық тексеру қорытындысы бойынша дәлелденді», - деп хабарлады сот.
Сот процесі кезінде мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың барлығын бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қазбекұлын 10 жылға, Арифендина және Осимбекованы 9 жылға, Жолдыбаева, Тажибаева, Турехожаева, Берікбаеваны 8 жылға, ал қалған сотталушылардың әрқайсысын 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ мүлкін тәркілеп, коммерциялық және қаржы ұйымдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады.
Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың үш мүшесі 12 жылға, бес адам 10 жылға, 17 адам 9 жылға сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.