Олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін
Астана қаласы ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы Сергей Ильиных қалада қанша нашақор барын айтты деп хабарлады ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінде психикалық денсаулық орталығында 1195 адам есірткіге тәуелді ретінде тіркеуде тұр.
Оның ішінде кәмелетке толмаған 6 жеткіншек бар. Бұл – ресми статистика. Бейресми статистиканы шығару үшін осы санды 5-ке көбейту керек деген пайым бар, - деді департамент өкілі.
Сергей Ильиных синтетикалық есірткі интернет арқылы сатылатынын атап өтті.
«Бір топ оның жарнамасына жауапты болады. Олар синтетикалық есірткінің қандай түрін қай орындардан алуға болатынын, бағасын жабық мессенджерлер арқылы жарнамалайды. Тағы бір топ есірткі әзірлеумен айналысады. Енді біреулер дайындалған есірткіні белгіленген орындарға жасырады. Сондай-ақ есірткі саудасынан түскен заңсыз ақшаны заңды айналымға шығаруға жауапты бухгалтерия бөлімі болады. 4 есірткі зертханасын да осындай ұйымдасқан топтар ашқан. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол сотта қаралып жатыр», - деді есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы.