Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған алғашқы Парламенттің депутаты болдым дейді
«Ауыл» партиясы атынан президенттікке үміткер болып отырған Жигули Дайрабаев кеше Орталық сайлау комиссиясына өз құжаттарын тапсырды. 20 қарашада өтетін сайлауға бірінші болып ұсынылған да осы азамат еді.
Орталық сайлау комиссиясындағылар кандидаттыққа қажет құжаттардың сай екенін айтып, оның қолына құжат қабылдау жөніндегі актіні тапсырды.
Айта кетсек, 67 жастағы Жигули Дайрабаев – Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы. Үйленген. Үш баланың әкесі. Әр жылдары ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен.
Бұл ретте ол өзінің жасын сынайтындарға қарсы уәжін жеткізді.
«Өйтіп біреуді даттағаннан гөрі, шықсын Орталық сайлау комиссиясына! Келіп, кандидатурасын ұсынсын. Кім қарсы болып отыр? Шопаннан, қарапайым жүргізушіден бастап, ауыл шаруашылығы саласында үлкен, ірі-ірі қызмет атқардым. Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған алғашқы Парламенттің депутаты болдым. 500-ге жуық әртүрлі заң қабылдадық», - дейді Жигули Дайрабаев.