Өңір басшысы марафонға қатысушыларға сертификаттар табыстады
Кеше, 5 қазанда Ақтау қаласының теңіз жағалауындағы Амфитеатр алаңында облыс әкімі мен өңір тұрғындарының қатысуымен «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонының жеңімпаздарымен кездесу өтті деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігі елімізде алғаш рет «Ұлы дала жорығы» марафонын өткізген болатын. Республикалық шабандоздар марафоны 18 қыркүйекте басталып, 12 күнге созылды. Дүбірлі додаға 19 өңірден 200-ге жуық сәйгүлік қатысты.
Шабандоздар елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды бағындырып, Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Маңғыстау облысының командасы бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 24 миллион теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды.
Кездесу барысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтардың атынан қатысушыларға алғысын білдірді.
Құрметті, шабандоздар, бапкерлер, ұлттық спорт жанашырлары! «Ұлы дала жорығы» жобасындағы айтулы жеңістеріңізбен құттықтаймын! 12 күнге созылған «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонында елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы бірінші бағындырып, өңір намысын қорғап, жеңімпаз атандыңыздар! Еліміздің барлық аймағынан келген 19 команда сынға түскен жарыс жолында Түркістанға дейінгі жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер және ауа райына шыдай алмай, командалар жорықтарын тоқтатып жатты. Ал «Көкмойнақ» командасы жолдың қиындығына қарамастан өздеріңіздің және мініп келе жатқан Адайдың қолтума жылқыларының мықтылығын көрсеттіңіздер. Бұл жеңістеріңіз - өлкеміз үшін үлкен мақтаныш! Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлы дала жорығы» марафонының ерекше маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті жаңғырту үшін осындай ауқымды іс-шаралардың қажеттілігін айтты. «Ұлы дала жорығы» ұлттық рухты нығайтатын жобаға айналды деп сеніммен айтуға болады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Адай жылқысы осы уақытқа дейін де талай бәйгеде оза шауып келеді. Атап айтсақ, 2010 жылы Қазақстан біріншілігінде бас жүлдеге ие болса, 2013 жылы Ресейдің Резан қаласында өткен бәйгеде 1 орын алды, 2015 жылы Франция Дүниежүзілік бәйгеге қатысып, Латын Америка, Сауд Арабиядан келген кәсіби мамандардан жоғары бағасын алды.
Жолдағы қиындықтарға қарамастан, біздің шабандоздар 1200 шақырымды жүріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Бізді әрқашан әлеуметтік желілер арқылы қолдаған жерлестеріміздің қолдауының арқасында, біз барлық кедергілерді еңсеріп, Ұлы дала тарихында бірінші болдық, - деп атап өтті «Көкмойнақ» командасының капитаны Ербол Ермағамбетов.
Іс-шара барысында облыс әкімінің атынан марафонға қатысушыларға сертификаттар, сондай-ақ алғыс хаттар табыс етілді.
Жобаның мақсаты - еліміздің халықаралық аренада ұлттық мәдениетін танытып, танымал брендтер қатарынан бой көрсету, сондай-ақ халықты, әсіресе жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты тани түсуге шақыру.
Айта кетсек, марафон қорытындысы бойынша «Ұлы дала сарбазы» атағын жеңіп алып, Маңғыстау облысының командасы бірінші орынды иеленді. Жетісу облысының шабандоздары екінші орын алды. Үшінші орынды Түркістан облысының командасы, ал төртінші орынды Жамбыл өңірінің командасы иеленді.