Жоғалған әйелді іздеуге Сарысу аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды
Жамбыл полицейлері бес күндік іздестіру жұмыстарынан кейін жоғалып кеткен Сарысу ауданының тұрғынын тапты. Әйел 2011 жылдан бастап психикалық диспансер орталығында есепте тұрады, деп хабарлайды aikyn.kz сайты.
Жоғалған әйелді іздеуге Сарысу аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына еріктілер, жергілікті тұрғындар мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қосылды. Іздестіру шаралары Сарысу ауданының елді мекендерінде ғана емес, шекаралас аумақта да жүргізілді. Қызметкерлер көшелерді, тұрғын үйлерді, аулаларды, қараусыз қалған ғимараттар мен жертөлелерді, жол бойындағы аумақтарды тексерді.
Әйел бес күннен кейін шөлді аймақтан ауыр халде табылды. Оған оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, волонтерлерге және тұрғындарға іздеу шараларына белсенді түрде қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Сарысу АПБ бастығы Асхат Алметов бастаған полиция қызметкерлері күн-түн демей іздеу жұмыстарын жүргізді. Енді таба алмағанымызда менің қарындасым қайтыс болар еді. Тіпті елестетудің өзі қорқынышты», – деді әйелдің ағасы.