Ресей келесі кезекте Қазақстанды көздесе, бізге кім көмектеседі?

Халық үні

Ресей президенті Владимир Путин бүгін Украинаның ішінара басып алынған төрт аймағын Ресей құрамына қосу туралы конституциялық заңға қол қою арқылы аннекцияның формалдық процесін аяқтады. 

фото: ашық дереккөзден

Кремльдің пиғылы Ресейден Қазақстанның аумақтық тұтастығына кез келген уақытта қауіп төнуі мүмкін екенін аңғартады. Оны Кремльдің өзі де түрлі депутаттар, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Дмитрий Медведевтің «кибершабуылға ұшыраған парақшасы» арқылы анық білдіріп жүр. Осы оқиғалар фонында жуырда ғана Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын қорғауға көмектесетінін мәлім етті. Бұл дипломатиялық этикет пе, әлде әлгіндей сөздер нақты іске ұласа ма?

Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келген кезінде Қазақстанды аймақтық әрі халықаралық мәселелерде қолдайтынын жеткізе келе, «халықаралық жағдай қалай өзгергеніне қарамастан, Қазақстанға тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауын сенімді қолдауды жалғастырамыз» деген сөздер айтты. Сидің бұл сөздерін халықаралық басылымдар шартарапқа таратты.

Осы сарындағы сөздерді Түркия тарапынан да естігенбіз. Президент Тайып Эрдоған «Қазақстанның мемлекеттілігін мойындамайтын, қазақ жеріне көз алартып, Ресей империясын көксеушілерге Түркия ешқашан бауырлас Қазақстанды қиын жағдайда қалтырмайтынын айтқым келеді» деген еді.

Биыл Қазақстан мен Түркия әскери ықтымақтастық туралы келісім-шарт жасасып, Қазақстанда ANKA әскери дрондары өндірісін ашуға келіскен. Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтің «шынайы қауіп туса, Түркия әскері Қазақстанға көмекке келе алады» деген сөзі де тарады сол тұста. Артынша ол Қазақстан халықаралық нормаларға сай, өзге де елдерден көмек сұрай алады деді. Бұнысы Кремльдегілерге бағыттағандай әсер қалдырды.

Саясаттанушы, экс-дипломат Қазыбек Бейсебаев ірі қос мемлекет Қазақстанға қолдау көрсеткені жағымды құбылыс екенін, алайда мұндай мәлімдемелер әдетте дипломатиялық этикет үшін жасалатынын айтады.

Екі басшының да айтқан мәлімдемелері дипломатияға жатады. Алайда бұл мәлімдемелердің маңызын жоққа шығаруға тағы болмайды. Мұндай мәлімдеме Украинадағы жағдайға байланысты айтылып отыр деген ойдамын. Қазір халықаралық жағдай ушығып тұр. Үшінші дүниежүзілік соғысқа бір қадам ғана қалды. Сол себепті мұндай ірі мемлекеттердің қолдауы біз үшін маңызды. Ердоған да, Си Цзиньпин де Қазақстанға ауызша түрде қолдау көрсетіп отыр. Алайда мұның бәрі сөз жүзінде екенін де ұмытпаған жөн. Түркия мен Қытай Қазақстанға қауіп төне қалса, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға іс жүзінде қолдау көрсетеді деп нық сеніммен айта алмаймын. Өйткені мемлекеттер арасында мұндай мәселеге қатысты арнайы келісімдер, шарттар болады. Мысалы, қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ Қазақстанға не себепті кірді? Себебі олар белгілі бір келісімге, заңға сүйеніп Қазақстанға көмек көрсетті. Сол секілді Қытай мен Түркия елдерімен де белгілі бір келісімшарттар бар. Мұндай жағдайда Қазақстан мүшелік ететін басқа да ұйымдар да арнайы ережеге сәйкес шешім шығарады, – дейді Қазыбек Бейсебаев. 

Саясаттанушы қазір үшінші дүниежүзілік соғыстың ауылы алыс емес, Қазақстан билігі халық арасындағы бірлікті сақтап қалуға күш жұмсауы керек деп санайды.

Әрине, халықтың билікке деген өкпесі бар. Бірақ қанша қиын болса да халық пен үкімет бір болуы керек. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде бізді бірлік қана сақтап қала алады. Мұны қоғам да, халық та, ең бастысы билік те түсініп, соған сай әрекет жасағаны жөн. Көп мәселе үкіметке байланысты шешіледі. Сондықтан билік халықтың жағдайын жасап, тыныштықты, ауызбіршілікті сақтап қалуы қажет, – дейді саясаттанушы.

Дереккөз: Qamshy.kz