Halyq Uni логотип
×

Сауда базарларында бағаны негізсіз көтеру байқалып отыр – Әлихан Смайылов

Үкіметте монополияға қарсы шаралар қаралды

 Қымбат Елтайқызы 19.02.2022 | 14:14
Сауда базарларында бағаны негізсіз көтеру байқалып отыр – Әлихан Смайылов
фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов президент тапсырмаларын іске асыру бойынша кеңес өткізіп, өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы, тұрақтандыру қорларындағы өнім қоры және монополияға қарсы шаралар қаралды.

Бір апта ішінде Алматыда 0,6%, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында 0,4% бағаның өсуі тіркелді.

Соңғы аптада тұрақтандыру қорларында 100,7 мың тонна көлемінде картоп қоры дайындалды. Сондай-ақ 31,7 мың тонна сәбіз, 24,5 мың тоннаға жуық қырыққабат, 23,5 мың тонна пияз, 11,6 мың тонна қарақұмық жармасы және 22 мың тонна күнбағыс майы бар.

Бүгінде өңірлер көкөніс өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін осы азық-түлік қорларын саудалай бастады.

«Жекелеген көтерме-бөлшек сауда базарларында бағаны негізсіз көтеру байқалуда. Бұған жол бермеу керек. Түптеп келгенде бұл инфляцияға әсер етеді. Бұл салада мүмкін, қадағалау органымен бірге тәртіп орнату қажет. Жедел шаралардан басқа, өндірушілердің көтерме-бөлшек базарларына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты заңнамалық нормаларды белгілеудің жүйелі шараларын әзірлеу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету шаралары кешенінің жобасы әзірленді, ол жедел және орта мерзімдік сипаттағы 66 іс-шараны қамтитын 5 бағыттан тұрады. Олар өнім өндіру көлемін ұлғайтуды, тауарларды сақтау және оның логистикасын, тасымалдау, тауарлардың бөлшек саудасын, баға белгілеуді бақылауды, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуді көздейді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу, сондай-ақ Атырау, Қарағанды және Қостанай облыстарында сауда-саттық кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету бойынша 5 акті жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама