Halyq Uni логотип
×

Антикор ҚТЖ жұмысындағы жемқорлыққа апаратын фактілерді анықтады

Соңғы 5 жылда ҚТЖ лауазымды тұлғалары мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты 136 қылмыстық іс тіркелген

 Халық үні 05.10.2022 | 18:15
Антикор ҚТЖ жұмысындағы жемқорлыққа апаратын фактілерді анықтады
көрнекі фото: ашық дереккөзден

«Қазақстан темір жолы», «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, қоғамдық кеңес мүшелерінің және жүк жөнелтушілердің қатысуымен өткен кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚТЖ қызметінде анықталған жемқорлық тәуекелдері туралы айтты.

Олар вагондарды беру кезіндегі әкімшілік кедергілермен және жемқорлық схемаларына, тиісті цифрландырудың болмауына, теміржолшылардың кәсіпкерлермен тікелей байланысына, қағаз нысанда өтінімдер беруге және т.б. байланысты.

Анықталған жемқорлық тәуекелдері қылмыстық статистикамен расталады.

Мәселен, соңғы 5 жылда ҚТЖ лауазымды тұлғалары мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты 136 қылмыстық іс тіркелген. Бұл ретте 52 адам сотталды. Бұл саладағы қылмыстардың көпшілігі парақорлық (70%) және ұрлық (13%) фактілеріне байланысты.

Негізінен қылмыстар орындалған жұмыс актілеріне қол қою кезінде заңсыз сыйақылар алумен, жұмысқа қабылдаумен және қызмет бойынша ауысуымен, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін вагондар мен тепловоздарды жеделдетіп және кедергісіз берумен байланысты.

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов өз сөзінде жүргізілген талдауға сәйкес ҚТЖ жекелеген бөлімшелерінде вагондармен айла-шарғы жасау бойынша жемқорлық схемалары құрылғанын атап өтті. Жасанды кедергілер мен оларды бөлудің жасырын процедурасына байланысты кәсіпкерлер өз мәселелерін ақша үшін бейресми түрде шешуге мәжбүр.

Іс жүзінде пара берген адам өз жүктерін уақытылы жібереді. Бұл проблемалардың барлығы кәсіпкерлердің дәлелдерімен ғана емес, қылмыстық істердің нақты материалдарымен де расталады. Жақында ғана Қостанай облысы бойынша ҚТЖ бөлімшесінің басшылары сотталды, олар заңсыз сыйақылар үшін вагондар беру жөніндегі қылмыстық схеманы ұйымдастырған, - деп атап өтті Д.Малахов.

Мәселен, «Қазтеміртранс» Қостанай филиалының бұрынғы басшысы Усабековке қатысты қылмыстық іс бойынша оған вагондарды беру немесе бас тарту мәселесін өз бетінше шешуге мүмкіндік берген жасырын процестер анықталды.

Усабеков лоббизм жасаған кәсіпкерлер тәулік бойы өз вагондарын тапшылық кезеңінде де алды, ал басқалары өз кезегін бірнеше апта күтуге мәжбүр болды.

Б. Усабеков жасаған қылмыстары үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, ал пара беруші фирмаға 24 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Кеңес қорытындысы бойынша Малахов айтылған ұсыныстар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында болатынын ескертіп, ҚТЖ-ны осы мәселелерді шұғыл шешуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама