×

БҚО-да су басқан ауылда салынған жаңа үйлердің шатыры әлі жабылмаған

Құрылыс жұмыстары қазанда аяқталады деп жоспарланған

 Халық үні 05.10.2022 | 15:54
Фото: ТЖМ

Батыс Қазақстан облысы Жақсыбай ауылында су тасқынынан кейін салынған жаңа үйлердің шатыры әлі жабылмаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Баспанасынан айырылған тұрғындарға жаңа үй салынып жатыр, алайда әлі күнге дейін үйлердің шатыры жабылмаған, терезе орнатылмаған. Ауа райына байланысты жергілікті тұрғындар алаңдап отыр.

Айта кетейік, 2022 жылдың сәуірінде қар еріп, су тасқыны болды. БҚО-ның Жәнібек ауданындағы Жақсыбай және Талов ауылдарында 97 тұрғын үй бүлінді.

Жәнібек ауданы әкімі Азамат Сафималиевтің айтуынша, Талов ауылында 3 тұрғын үй және Жақсыбай ауылындағы 84 тұрғын үй иесіне 50 АЕК мөлшерінде бір реттік материалдық көмек берілген.

«38 тұрғын үйдің иесі келтірілген шығынды өтеу жөнінде өтініш жазып, құжатын өткізді. 31 азаматқа қаражат толық төленді. Сараптамадан өткен 38 үйдің ішінде 7 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Қазір 7 үй жаңадан салынып жатыр», - дейді аудан әкімі Азамат Сафималиев.

Ол үшін «Қазақстан халқына» қорынан 183 миллион теңге бөлінген. Әр үйдің аумағы 84 шаршы метр болады.

БҚО әкімдігінің хабарлауынша, тұрғын үйлерді қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.

«Үйлерді қарашада аяқтап тапсырамыз. Қазір ішкі сылақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Он күннің ішінде төбесін жабуды жоспарлап отырмыз. Шатырын жабуға материал жеткізе алмай жатырмыз. Елдімекен облыс орталығынан қашықта орналасқандықтан, материалды жеткізу қиын. Жолға асфальт төселмегендіктен, тасымалдаушылар барғысы келмейді. Үйлерге байланыс желілері тартылып, қабырғасын сылап жатырмыз», - дейді құрылыс мердігері «Жайық Сити» компаниясының басшысы Мереке Молдағалиев.

Жақсыбай ауылы мен Орал қаласының арасы – 450 шақырым. Оның 100 шақырымында жол жоқ.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама