×

Биыл Қарағандыда 700 автобус шығарылады

208 көлік еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйымдарына жіберіледі

 Дастан Жұмабекұлы 05.10.2022 | 14:56
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыдағы автобус құрастыратын «QazTehna» зауытына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Осы жерде ол зауыт жұмысшыларымен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы зауытта автобус және коммерциялық техника өнімдерін қарап шықты.

Президентке кәсіпорын жұмысының алғашқы нәтижелері туралы баяндалды. Зауыт 2021 жылдан бері жолаушылар тасымалына арналған 347 автобус пен электробус құрастырып шығарған. Биыл жыл соңына дейін қоғамдық көлік желісін жаңарту бағдарламасы аясында өңірлерге 700-ден аса автобус пен электробус жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 208 автобус еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйымдарына жіберілмек. 

Зауыт әлемдегі жолаушылар көлігін өндіруші Yutong компаниясымен серіктестік орнатқан. Серіктестік аясында компания қазақстандық зауытқа қажетті технологияны кезең-кезеңімен береді. Қазіргі кезде автобустар бөлшегінің 33 пайызы жергілікті материалдардан құрастырылады. Алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 50 пайыздан асыру жоспарланып отыр. 

Бүгінде зауытта 560 адам жұмыс істейді. Еңбек ұжымының басым бөлігі –  Саран қаласының жергілікті тұрғындары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама