×

СҚО-да ішін орақ кесіп кеткен бүлдіршіннің жағдайы айтылды

Есіл ауданында 8 жастағы ер бала қарындасын жарақаттап алған

 Самат Жақып 05.10.2022 | 14:35
Фото: СҚО көпбейінді балалар ауруханасы

Солтүстік Қазақстан облысында 5 қыркүйекте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген қыздың қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, Есіл ауданында 8 жастағы ер бала қарындасын шөп оратын құрылғымен жарақаттаған.

Үш жасар қыз бұта арасында отырған. Сол сәтте 8 жастағы бала шөп оратын триммерді қосқан. Құрылғы қыздың ішін кесіп кеткен.

Салдарынан бүлдіршіннің бауыры, ішегі және асқазанына қатты зақым келген.

Ол алдымен ауылдық амбулаторияға, артынша Есіл аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Сол уақытта ауруханаға Петропавлдан мамандар көмекке жетті. Дәрігерлер 5-6 сағат бойы ота жасап, қызды аман алып қалды. Жағдайы тұрақталған соң бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы таратқан ақпаратқа сәйкес, 3 жастағы Снежанаға күрделі операция жасалды.

Бүгін сәби ата-анасымен бірге ана мен бала ұлттық орталығынан облыстық көпбейінді балалар ауруханасына кеңес алу үшін барған. Астанада Снежанаға екінші рет операция жасауға қажеттілік болмаған, оны дәрігерлер бақылауға алған.

Дәрігерлер қыздың денсаулығы қалпына келіп жатқанын, бүгін отбасымен бірге үйіне шығарылатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама