Halyq Uni логотип
×

ҚМА Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры ұсталғанын растады

Ол сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша ұсталды

 Халық үні 19.02.2022 | 13:49
ҚМА Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры ұсталғанын растады
көрнекі фото: pnhz.kz

Қаржы мониторингі агенттігі Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға қатысты тергеу жүргізілгенін растады.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның бұрынғы бас директоры Ш.А. Данбайға және Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша басқа тұлғаларға қатысты Атырау МӨЗ-нің қажеттіліктері үшін жабдықтар сатып алуға бөлінген ақша қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.

Агенттік тергеу жалғасып жатқанын, ал тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.

Шуxрат Данбай Атырау мұнай өңдеу зауытын 2019 жылдың ақпаны мен 2021 жылдың шілдесі аралығында басқарды.

Ол 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. «Қайнар» университетін тәмамдаған. Мұнай жеткізу және өңдеу, мұнай өнімдерін көтерме-бөлшек сату бойынша ірі коммерциялық құрылымдарға басшылық еткен.

«Қазатоммұнай» ЖШС, «Гелиос» ЖШС бас директоры, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ (ПМХЗ) бас директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы блогының атқарушы директоры, «Қазақстан - Отын-энергетикалық кешені» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарған.

2009 жылдың қыркүйек айынан бастап - «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-тың (2013 жылдың наурызында «ПМХЗ» ЖШС боп қайта құрылды) бас директоры. Шахрат Данбай басқарған 2009-2017 жылдары ПМХЗ-да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген-ді. Алайда, 2017 жылдың күзінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Шухрат Данбайды қатаң сынға алды. Ол басқаратын ПМХЗ-да дизель отынын өндіруге арналған қажетті сутегі өндіру қондырғысының бірнеше аптадан бері жұмыс істемей тұрғаны анықталды. Сол кезде дау-дамайға құбырдың жігін теріс дәнекерлеген дәнекерлеуші кінәлі деп танылып, Шухрат Данбайға бас директор лауазымынан «өз қалауы» бойынша кетуге тура келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама