Қайрат Сатыбалдадан өндірілген қомақты қаражатты қайда жұмсау керектігі айтылды
Ол бизнес өкілдерінің құқығы бұзылғанын атап өтті
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанның бұрынғы президентінің немере інісі Қайрат Сатыбалдадан өндірілген 28 млрд теңгені кәсіпкерлерге беру керектігін айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат бизнесменге қатысты сот процесі жақында аяқталғанын жеткізді.
Жақында Астанада Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот процесі аяқталып, сотталушы өз кінәсін мойындап, «КҚО» АҚ-мен (Көліктік қызмет көрсету орталығы) медиациялық келісімге қол қойып, компанияға 28 млрд теңге шығынды толық өтегені белгілі. Осыған байланысты КҚО жауапкерге ешқандай талап-арыздың жоқтығын мәлімдеді. Әрине, мұның барлығы жақсы. Дегенмен мыңдаған кәсіпкердің ҚКО-ға шағымы бар, - деді Азат Перуашев Мәжіліс отырысында.
Бас прокуратураның мәліметінше, олигополия салдарынан 4 мыңнан аса кәсіпкер зардап шеккен.
«Тек 5 жылдан соң, яғни биыл сәуірдегі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші тапсырмасынан кейін Үкімет жанындағы демонополизациялау комиссиясы тарифтерді 12 есе төмендетіп, 600-ден аса теміржол рельсін ҚТЖ меншігіне, яғни, мемлекетке қайтарды. Ал «КҚО» АҚ-ына қыркүйекте 28 млрд теңге шығын қайтарылды. Бірақ бұл миллиардты аталған компания қылмыстық жолмен бөтеннің теміржол жолын басып алу және жеке кәсіпорындардан бопсалау тарифтері арқылы тапқан», - деді ол.
Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы өндірілген қомақты қаражатты кәсіпкерлерге беруді ұсынды:
- Біріншіден, «КҚО» АҚ кәсіпкерлерден негізсіз жоғары тарифтерді қолданып, 5 жылда заңсыз өндірілген барлық қаражатты қайтаруға міндеттелсін. Бұл бұрын төленген сомалардың 90%-дан астамы. Қайрат Сатыбалдадан қайтарылған 28 млрд теңгенің қомақты бөлігін кәсіпкерлерге төлеуге жұмсалуы керек деп есептейміз.
- Екіншінден, Конституцияның 6-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстанда мемлекеттік және жеке меншік бірдей танылып, қорғалады. Онсыз либералды экономика былай тұрсын, ешбір нарықтық экономиканың болуы мүмкін емес. Сондықтан заңсыз басып алынған теміржол рельстерін мемлекет меншігіне қайтарумен қатар, КҚО-ның жеке кәсіпорындардан тартып алған теміржол рельстерін де қайтаруын талап етеміз.
- Үшіншіден, бұрынғы жеке меншік иелерінен монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның жұмысы басталғаннан кейін КҚО оларға бұрын басып алынған жолдарды қайтарып беруді ұсынғаны, бірақ бұл жолдар толық бұзылып, пайдалануға жарамсыз болғаны туралы хабарламалар бар. Бұл ҚКО жолдарға техникалық қызмет көрсетпей, техникалық регламенттерді сақтамағанын айғақтайды. Жолдарды қалпына келтіру қомақты инвестицияны талап етеді. Осыған байланысты кәсіпкерлер қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалған шығындарды өтеуді немесе жолдарды жұмысқа жарамды етіп, заңды иелеріне қайтаруды талап етеді.
Айта кетейік, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға сотталған болатын.
Оның мүлкі тәркіленіп, 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан және 6 жылға бас бостандығынан айырылсын, – деген еді Астана қаласы Байқоңыр ауданы №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов.