Олигархтық капитализмнің заманы өтті – Тоқаев
Шетелге капиталды заңсыз шығаруға жол берілмейді
Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, ондағы жұртшылықпен кездесу өткізіп жатыр деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында мемлекет елімізде жұмыс істейтін барлық ірі өндіруші компаниялардың қызметін өте жіті бақылап, шетелге капиталды заңсыз шығаруына жол бермейтінін айтты.
Сонымен бірге, президент өндірісті жаңғырту үдерісіне, қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлінетініне назар аударды. Оның айтуынша, салық төлемдері де ерекше бақылауға алынады. Егер ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бұл талаптарды орындамаса, мемлекет серіктестікті тоқтатуға мәжбүр болады.
Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше, бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері. Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, ел экономикасында жетекші орындағы бизнес керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса мемлекет басшысы облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейтінін жеткізді. Ол Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе екенін атап өтті.
Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет, – деді президент.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тоқаев Қарағанды облысының жолдарын жөндеуді тапсырғаны туралы хабарлаған едік.