Halyq Uni логотип
×

Үш құзырлы орган Байбек пен Нығматулинге қатысты нақты жауап берді

Бұған дейін Алматының бұрынғы әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды

 Халық үні 05.10.2022 | 10:17
Үш құзырлы орган Байбек пен Нығматулинге қатысты нақты жауап берді
Коллаж: Халық үні

Әлеуметтік желіде қыркүйектің аяғында Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылғаны, ал «YDD CORPORATION» ЖШС акционері Ерлан Нығматулиннің алаяқтық жасады, салық пен кеден төлемін төлеуден жалтарды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады.

Halyq Uni ақпараттың рас-өтірігін білу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржы мониторингі агенттігі және Бас прокуратураға ресми сауал жолдады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Бауыржан Байбек пен Ерлан Нығматулин агенттік тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша күдікті деп танылмаған.

Агенттік ресми сайтта және әлеуметтік желілерде тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша ақпаратты үнемі жариялап отырады, - деп жауап берді агенттік Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Бас прокуратура да екі азаматтың арнайы прокурорлармен жүргізіліп жатқан істер бойынша фигурант емес екенін хабарлады.

Қаржы мониторингі агенттігі де Байбек пен Нығматулинге қатысты істердің ҚМА-да тіркелмегенін жеткізді.

Айта кетейік, Бауыржан Байбек 2015-2019 жылдары Алматы қаласы әкімі болды. 2019 жылы AMANAT (бұған дейін Nur Otan) партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметті 2022 жылдың ақпанына дейін атқарды.            

Ерлан Нығматулин – мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің бауыры. Сондай-ақ ол ферросилиций өндіретін «YDD CORPORATION» ЖШС акционері.

2020 жылғы ақпарат бойынша зауыттың қуаттылығы жылына 180 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Онда қолданылатын технология ферросилиция мен ферромарганец өндіруге мүмкіндік береді. Жобадағы отандық өнімнің үлесі 95 пайыздан асады.

Зауыттың акционерлері – Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама