×

СҚО-да 400 оқушы үш жылдан бері білім бөлімінің ғимаратында оқып жатыр

Жаңа мектеп 2023 жылдың аяғында пайдалануға беріледі

 Самат Жақып 05.10.2022 | 09:20
Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында 400 оқушы үш жылдан бері білім бөлімінің ғимаратында оқып жатыр. Себебі шаһардағы №1 мектеп апатты деп танылған. Содан бері балалар аядай ғана жерде сабақ оқиды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

2019 жылы Тайынша қалалық №1 мектептің төбесі опырылып түскен. Төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Сараптама тағайындалып, нысанда толық тексеріс жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес, мектеп апатты деп танылды. Содан бері үш жылдан астам уақыт өтті, алайда мәселе әлі шешілмеді.

Оқушылардың айтуынша, аудандық білім бөлімі ғимаратындағы кабинеттер тар әрі ыстық. Терезесі де дұрыс ашылмайды. Сондықтан балалар сабақ толық аяқталғанша шаршап қалатынын жеткізді.

Балалар оқып жатқан бұл нысан 1952 жылы аудан әкімдігі ғимараты ретінде салынған. Мектеп апатты деп танылған соң жергілікті билік осы ғимаратты пайдалануға шешім қабылдаған. Енді мұнда оқушыларға кабинет жетпейді. Сондықтан әкімдік көрші ғимараттан тағы бірнеше кабинетті жалға алып отыр. Еңбекке баулу сабағына қатысу үшін оқушылар сол ғимаратқа барады.

«Бұл ғимарат та әбден ескірген. Бізге дейін мұнда аудандық білім бөлімі қызметкерлері отырды. Нысан шағын болғанымен, білім беру үрдісі барлық талапқа сай жүргізіліп жатыр. Балалар қазір екі ауысыммен оқиды», - дейді мектеп директоры Ольга Иванова.

Мұнда биология, химия сынды пәндері үшін арналған арнайы зертхана-кабинет жоқ. Кітапхана да талапқа сай емес. 25 мыңға жуық кітап қоймады сақтаулы тұр.

«Осындай қиын жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Басқа амалымыз жоқ. Балалар келіп қажетті кітаптарын алады, бірақ оны оқып отыратын орын жоқ. Енді жаңа мектепте үлкен кітапханамыз болады деп ойламыз», - дейді кітапханашы Людмила Рыбак.

Биыл Тайынша қаласында жаңадан 600 орынға арналған мектептің құрылысы басталды. Алайда ол 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.

«Жобалық-сметалық құжаттарды мемлекеттік сараптамадан өткізу көп уақыт алды. Соның салдарынан құрылыс кеш басталып отыр. Жаңа мектеп бұрынғы ғимараттың орнында салынып жатыр. Ескі ғимарат сүрілді. Мектеп соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жарақтандырылады. Әрі оны мерзімінен бұрын ашамыз деген жоспарымыз  бар. Себебі қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр», - дейді Тайынша ауданы білім бөлімінің жетекшісі Гүлнар Игібаева.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында үш апатты мектеп бар. Оның біреуі Ақжар ауданында, қалған екеуі осы Тайынша ауданында орналасқан.

33 МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰР

2022-2023 оқу жылында республика бойынша орта білім беретін 7 670 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мектеп апатты жағдайда тұр.

Ақмола облысында 2 мектеп, Ақтөбе облысында – 4, Атырау облысында – 4, Батыс Қазақстан облысында – 6, Қарағанды облысында – 3, Маңғыстау облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Түркістан облысында – 4, Алматы қаласында бір мектеп апатты жағдайда тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама