×

Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Әбішев соттан Біртановқа қарсы берген жауабын жарияламауды сұрады

Судья Ибрагим Әлкенов Олжас Әбішевтің 2020 жылғы күзде берген жауабын жариялауға қаулы шығарды

 Халық үні 05.10.2022 | 07:52
Фото: ult.kz

Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев соттан 2020 жылы күзде берген жауабын жарияламауды сұрады.

Соттан хабарлағандай, 2020 жылғы күзде Олжас Әбішевтен тергеу органдары бірнеше рет жауап алған. Қазанда берген жауабында ол басшысы Елжан Біртановқа қарсы жауап берген.Прокурор Бауыржан Шекенов сот отырысы кезінде Олжас Әбішевтің 2 жыл бұрын айтқан сөздерін жариялауды сұрады. Айыпталушы Әбішев соттан прокурордың өтінішін орындамауды сұрады.

«Құрметті сот, бұл сөздерімді жарияламауды сұраймын, өйткені сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері маған қысым жасап, солай сөйлеуге мәжбүр етті. Сотта антпен берген жауабымды алуларыңызды сұраймын», – деді Олжас Әбішев.

Әбішевтің адвокаты Серік Сағалиев оның сөзін қостап шықты.

Процеске қатысушылардың сөздерін тыңдап шыққан судья Ибрагим Әлкенов Олжас Әбішевтің 2020 жылғы күзде берген жауабын жариялауға қаулы шығарды.

Айта кетейік, 2020 жылғы 21 қыркүйекте бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің 500 миллион теңге жымқырды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама