«Бұл кезекті ойын ба?»: Хаменованың атынан тағы бір жазба жарияланды
3 қазанға белгіленген сот отырысы 10 күнге шегерілді
Пара алды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың атынан желіде тағы бір жазба жарияланды.
3 қазанға белгіленген сот отырысы 10 күнге шегерілді.
«Қаңғырған сан сұрақ жегідей жеп барады. Бүгінгі әрекет Хаменованы темір торға тоғытуға мүдделі тараптың кезекті ойыны ма деген ойды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Қателессек екен осы тұрғыда», - делінген жазбада.
Сонымен қатар жазбада бұған дейінгі сот отырыстарында куәгерлер мен айғақтардың Хаменоваға тағылған айыпқа қатысы бары растағамағаны айтылған.
«Өткен жолы антикорлықтар ресми парақшасында «Хаменованың әрекеттері жиналған дәлелдемелерді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін, сондай-ақ күдіктілер мен куәлардың тікелей айғақтарын ескере отырып сараланады. Тағылған айыптың негізділігі мен заңдылығы прокурормен расталды» деп жазба қалдырды. Бірақ сот барысында бірде-бір куәгер, бірде-бір жасырын-ашық айғақ Хаменованың тағылған айыпқа қатысы барын растаған жоқ. Абай ескерткішін орнату мәселесі Хаменова Атырау облысына қызметке келместен бұрын, 2019 жылы кесіп-пішілген. Пара алу, беру туралы мәселе де сол жылдан бастап талқыға түскен. Тіпті күдіктінің бірі - Адамов Хаменоваға қарсы жалған куәлік беруге антикорлықтардың ықпалы болғанын сотта ашып айтты», -делінген.
Автор соттың кейінге шегерілуінен де күдіктенетінін айтады.
«Адамның құқығы мен бостандығын қорғаушы прокуратура өкілдерінің тергеу материалдарын сараптарда нені негізге алғаны түсініксіз. Кезекті сәтсіз сценарий. Бірақ алда тағы қандай сюжет иірімдері күтіп тұрғаны белгісіз. Бүгінгі соттың кейінге шегерілуінің жоғарыда аталған «шығармашылық иелеріне» қатысы жоқтығына сенгіміз келеді», - дейді жазба иесі.