Оқиға Каспий теңізі 2-3 шақырымға тасығаннан кейін болған
Атырау облысында Каспий теңізі жағасында тұрған көліктер мен қайықтар суға кетті. Оқиға 3 қазанда Исатай ауданы Жанбай ауылы Манаш елді мекені маңында болған деп хабарлады Halyq Uni.
Исатай ауданының әкімдігі оқиғаның теңіз 2-3 шақырымға тасығаннан кейін болғанын мәлімдеді. Ал көлік пен қайықтар – қара балық аулауға шыққан балықшыларға тиесілі.
Әкімдіктің хабарлауынша, адамдар аман. Бұл жағдайды жергілікті әкімдік бақылауға алды. Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұхановтың айтуынша, автокөліктерді балықшылар өздері шығарып алып жатыр.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері судан 2 адамды алып шықты.
Каспий теңізінің жағалауында екі адам мінген көлік толқын салдарынан суға батқан. Адамдардың өздігінен шыға алмай қалғаны туралы хабар келді. Исатай ауданы №6 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, «Жанбай» шекара бекеті және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері іздестіру-құтқару жұмысына шықты, - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Нәтижесінде 55 жастағы және 79 жастағы екі азамат құтқарылды. Басқа азаматтар көмекке жүгінбеген.