Қазақстан билігі Ресей азаматтығын алғысы келетіндерге қатысты ұстанымын айтты
Ресейде 131 мыңнан астам қазақстандық заңды түрде тұрып жатыр
Қазір 131 мыңнан астам қазақстандық Ресейде заңды түрде тұрып жатыр. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«Ресей тарапының ақпаратына сәйкес, сол елдің аумағында 131 мыңнан астам Қазақстан азаматы заңды түрде тіркелген. Ал Ресей заңнамасын бұзып, уақытылы тіркелмеген азаматтарға қатысты ерікті және мәжбүрлі түрде депортация жасалады», - делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ СІМ дәл қазір Ресейде қанша қазақстандықтың заңсыз жүргені туралы ақпарат жоқ екенін жеткізді.
Айта кетейік, 2022 жылдың 21 қыркүйегінде Ресейде ішкі мобилизация жарияланды. Ол азаматтардың әскер қатарына қосылып, әскери қақтығыстарға қатысуына бағытталған. Содан кейін ресейліктер елінен үдере көше бастады. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтары Ресейдегі ішінара мобилизацияға тартылмайды.
Сондай-ақ министрлік соғыс кезінде Ресейдің азаматтығын алғысы келетін қазақстандықтарға қатысты ұстанымын айтты.
«Әлемдегі көші-қон үрдісі жаһандық сипатқа ие. Халықаралық актілердің ережелері шеңберінде әр адамның өз азаматтығын өзгертуге құқығы бар. Ал Ресейге өз еркімен барған немесе отандастарын көшіру бағдарламасы бойынша қоныс аударған Қазақстан азаматтары Ресей заңнамасында қабылданған азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі арқылы Ресей азаматтығын ала алады», - деп хабарлады СІМ.
Еліміздің сыртқы істер министрлігі Ресейдегі мобилизацияға байланысты ел азаматтарының шекарадан кезектен тыс өтуге көмек сұрап жатқанын мәлімдеді.
«Еліміздің Ресей аумағындағы Бас консулдықтарына Қазақстан азаматтарының шекараны кезектен тыс өтуге жәрдемдесу туралы өтініштері тіркеліп жатыр. Қазір бұл мәселе бойынша Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ көмек сұраған азаматтарға консулдық жан-жақты кеңес беріп жатыр.