Halyq Uni логотип
×

Жол апатының тең жартысы көлікті өзі айдап үйренгендердің кесірінен болады – Марат Ахметжанов

Жыл басталғалы 20 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылды

 Дәурен Ерболат 04.10.2022 | 11:03
Жол апатының тең жартысы көлікті өзі айдап үйренгендердің кесірінен болады – Марат Ахметжанов
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда көлік апатының басым бөлігі жүргізуші кесірінен болады. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министрдің пікірінше, көлік апатының негізгі себебі – жүргізушінің көлік жүргізу тәртібінің төмендігі.

«Биыл полиция 4,5 миллион жол ережесін бұзудың жолын кесті. 17,5 мың мас жүргізуші ұсталды. 20 мың жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылды. 16 мың адам әкімшілік қамауға алынды. 188 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды», - деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Марат Ахметжанов болашақ жүргізушілерді дайындайтын автомектептерге қойылатын талап төмен екенін атап өтті.

«Автомектептерге қойылатын талап пен жүргізуші даярлау сапасы төмендеген. Қазір елімізде 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензиялау арқылы рұқсат беру алынып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды», - деді министр.

Айтуынша, соның кесірінен оқу процесі формализмге айналды. Көп мектепте керекті материалдық база жоқ.

«Талдау жүргізушілер арасында адам өліміне әкеп соқтырған апаттың 50%-ы көлікті өзі айдап үйренгендердің кесірінен болатынын көрсетті. Мойындау керек мемлекет бұл салада бақылауды жоғалтып алды. Сондықтан министрлік тиісті ұсыныстарды әзірлеп жатыр», - деді Ахметжанов.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жолдардың нашар екенін, осы фактор көлік апатының көп болуына тікелей әсер етіп отырғанын айтты.

«Халық тарапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. 26 қыркүйекте Ақтөбеде тұрғындар айналма жолды жауып тастады. Себебі ол жолда не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік элементтері жоқ. Мұның бәрі жол апатына алып келеді. Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз», - деді премьер-министр.

Айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама