Қарағанды-Балқаш автобанын салғандар тікелей президентке шағымданып отыр

Еркеғали Болатұлы

Бас мердігер ол компаниялар жұмысын шала-шарпы істеген дейді

фото: ашық дереккөз

Қарағанды мен Балқаштың арасына тасжол төсегендер наразылық білдірді. Себебі, құрылыс компаниялары бас мердігерден еңбекақымызды ала алмай жүрміз деп отыр. Соның салдарынан тіпті банкротқа ұшырағанын айтып шырылдады деп хабарлады КТК телеарнасы.

Қазір жұмыс істей алмай отырмыз. Жағалай қарыз болғандықтан шоттарымыз бұғатталып, жүмысшыларымыз бен алыс-беріс жасап жүрген басқа компанияларға қаражат аудара алмай қалдық. Сотқа шағымданайық десек, бас мердігерден талап еткен соманың 10 пайызын мемлекетке жарна ретінде төлеуге қаражат таппадық, - дейді құрылыс компаниясының құрылтайшысы Евдокия Флорекул.

«Қарызға белшеден баттық» деп наразылық білдірген кәсіпкерлер кеше «ҚазАвтоЖолдың» Қарағандыдағы кеңсесіне барған. Бірақ ондағылар бас мердігер мен оған жүмыс істеген фирмалар арасындағы дауға араласа алмайтынын айтыпты. Бұған дейін кәсіпкерлер прокуратура мен еңбек инспекциясына арызданып, тіпті президентке де арыз жазғанбыз деп отыр.

Қарағанды мен Балқаш арасындағы автобанның құрылысы 3 жыл жүріп жатыр. Осы уақытта құрылыс қарқыны бәсеңдеп, бас мердігер де ауысып үлгерген. Енді тараптардың мәселесін сот шешуге тиіс. Өйткені бас мердігер ақшасын даулаған компаниялар жұмысын шала-шарпы істеген дейді.

«Жұмыс қалай болса солай жүріп, толық ауқымда істелмегендіктен біз оны қабылдамадық. Ол компаниялардың барлығы техникаларды бізден жалға алды. Оның да есебі бар. Сот шешімі бойынша олармен есептесіп жатырмыз», - дейді Сitic construction co.ltd компаниясының заңгері Мұрат Гилажов.