Halyq Uni логотип
×

Еңбек министрлігінің атауын «бюджетті халықтан қорғау министрлігі» деп өзгерту қажет – депутат

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады

Еңбек министрлігінің атауын «бюджетті халықтан қорғау министрлігі» деп өзгерту қажет – депутат
Ерлан Смайылов, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов сауалында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  өзіне тиесілі міндетін атқарып отырмағанын айтты. Депутаттың айтуынша, келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге, яғни, 41 процентке өседі, ал зейнетақы мен жәрдемақы 5 процентке ғана көтеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырған аналардың, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын, сонымен қатар ең төменгі зейнетақыны ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап 5 процентке арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат елдегі жәрдемақылардың көлемін де атап өтті. Мәселен, мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері I топ үшін - 69 155 теңге, II топ үшін - 55 108 теңге, III топ үшін - 37 459 теңге. Бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне ай сайын бірінші балаға – 17 643 теңге, екінші балаға – 20 860 теңге, үшінші балаға – 24 045 теңге, төртінші және одан көп балаға – 27 261 теңге төленеді.

Жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері ел азаматтарының нақты қажеттілігіне сай келмейтінін және олардың сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайтынын көрсетіп отыр. Бұл ретте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда отырғаны алаңдатады, - деп атап көрсетті Смайылов.

Дупататтың пікірінші, Еңбек министрлігі халықты қорғап, үкімет пен ұлттық экономика және қаржы министрліктері алдында мәселені көтерудің орнына, бәрін бюджет қаражатының тапшылығына сілтеумен келеді.

Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды. Оның атауын «бюджетті халықтан қорғау министрлігі» деп өзгерту керек, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама