«Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізілмек
Тұтынушылар шағымдары негізінде «Астана-АЭК» АҚ та тексерілмек
«Астанаэнергосбыт» ЖШС және «Астана-АЭК» АҚ-на қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындалды.
Елорда тұтынушыларының бірқатар шағымы негізінде, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтандағы департаменті «Астанаэнергосбыт» ЖШС және «Астана-АЭК» АҚ-қа қатысты биылғы түбіртектерде көрсетілген электр энергиясы үшін төлем сомаларын есептеудің негізділігі бөлігінде жоспардан тыс тексеру тағайындады, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитеті.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтандағы департаменті табиғи монополиялар саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган саналады.
«Осыған байланысты, табиғи монополиялар субъектілерінің іс-әрекеттерімен келіспеген жағдайда, атап айтқанда коммуналдық қызметтер бойынша төлем сомалары жоғары түбіртек келіп түскенде, елорданың әрбір тұрғыны ТМРКД атына: Нұр-Сұлтан қаласы, Петров көшесі, 5 мекенжайы бойынша немесе k.kense@economy.gov.kz e-mail-не өтініш беруге құқылы», – делінген ақпаратта.