Көмір бағасын шарықтатпас үшін делдалдар «жойыла» бастады

Қымбат Елтайқызы

Бөлшек сатушылар көмір ресурстарына тікелей қол жеткізе алатын болды

фото: Halyq Uni

Үкімет көмір жеткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою жұмыстарын бастады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен коммуналдық көмірге баға белгілеу мәселесі қаралды.

Көмірді тауар биржасы арқылы өткізу бойынша пилоттық жобаның нәтижесі талқыланды. Бұл механизм өзінің тиімділігін көрсетті – делдалдар саны қысқарды, бөлшек сатушылардың көмір кеніштері ресурстарына тікелей қол жеткізуі қамтамасыз етілді, – дейді үкімет.

Көмір құнына оңтайлы баға белгілеуді қамтамасыз ету мақсатында үкімет өнімсіз делдалдарды шеттету жұмыстарын бастады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, сауда және интеграция министрліктері мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі халықты көмірмен қамтамасыз ету тізбегіндегі қажетсіз байланыстарды жою әрі тауар биржасы арқылы сатылатын көмір көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту шараларын әзірлеп жатыр.