Шенеуніктердің кірісі мен шығысының айырмашылығы 1000 АЕК-тен асса, фискалдық санкция салынады
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстары салыстырыла бастайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Негізсіз баюға жауаптылықты қарастыру туралы ұсынып отырған норма жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінің ең маңызды іргетасы деп айтуға болады. Өйткені жасыратын жоқ, жемқорлықтың арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріңізге мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Азаматтардың шығыстары заңды табыстарынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабыладу қажет, - деді Марат Ахметжанов жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі заң жобасын таныстыру кезінде.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада көзделген он пайыздық жеке табыс салығынан басқа мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, шенеуніктердің шығыстары мен табыстарының айырмашылығы 1000 АЕК асып түссе, фискалдық санкция қаралады.
«Айырмашылық сомасының тоқсан пайызы әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. Бірақ әрбір жағдайда шығындар заңдылығын түсіндіруге мүмкіндік беріледі. Ал айырмашылық жылдық табыстан асып жатса, және оның қайдан шыққанын түсіндіре аламаса мансаптық жаза қолданылады. Ол дегеніміз мемлекеттік қызметтен үш жылға теріс себептермен босатылады», – деп қосты ол.
Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің негізсіз баю жауапкершілігін қарастыру декларацияның қисынды жалғасы екенін атап өтті.
Өздеріңіз білесіздер декларация тапсыру уақыты этаптарға бөлінген. Бірінші кезеңде – мемлекеттік қызметшілер. Олар былтыр кірістерін көрсетті, енді табыстары мен шығыстарын салыстыру басталады. Екінші кезең – 2023-2023 жылдары – мемлекеттік мекемелер мен квазисектор қызметкерлері. Үшінші кезең – 2024-2025 жылдары – заңды тұлғалар басшылары мен құрылтайшылары. 2025-2026 жылдары – декларацияны барлық азамат тапсырады. Содан кейін ғана барша халықтың мүлкі мен активтері белгілі болады. Жауаптылық туралы норма қолданысқа енеді, – деді агенттік төрағасы.
Президент Тоқаев 2 ақпанда Қазақстанның жемқорлыққа қарсы жаңа тұжырымдамасын бекіткен болатын. Концепция коррупция себептерін жоюға, жемқорлыққа деген парагдиманы өзгертуге және жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.