Halyq Uni логотип
×

Министр кәсіпкерлер үшін бірыңғай төлем енгізілетінін айтты

Бірыңғай төлем 2023 жылдан бастап енгізіледі

 Дәурен Ерболат 21.09.2022 | 11:13
Министр кәсіпкерлер үшін бірыңғай төлем енгізілетінін айтты
фото © Нұрдәулет Әбікеев

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бизнес үшін бірыңғай төлем енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған. Осылайша, қазіргі барлық төлем – зейнетақы, табыс салығы және әлеуметтік сақтандыру жарнасы бір төлеммен жасалуы керек. Нәтижесінде кәсіпкерлер артық жұмыс істемейді, жұмысшылардың аударымын бірыңғай төлеммен жүргізеді.

«Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр. Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескереді», - деді Әлібек Қуантыров

Бірыңғай төлемді микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданады. Төлем сомасы бірыңғай жиынтық төлемге ұқсас болады.

Нәтижесінде бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді, - деді министр.

Бірыңғай төлемді енгізу үшін министрлік арнайы заң жобасын әзірледі. Мәжіліс депутаттары құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама