Halyq Uni логотип
×

Сотта базар, жер, кәсіпорындарды мемлекетке қайтару туралы 10 талап қаралып жатыр

Құны 13,5 млрд теңгеге жуық мүлік мемлекеттік меншікке қайтарылады

 Динара Амантай 20.09.2022 | 16:31
Сотта базар, жер, кәсіпорындарды мемлекетке қайтару туралы 10 талап қаралып жатыр
Фото: Halyq Uni

Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия олигополияның меншігіне берілген объектілерді сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және мемлекетке қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің ақпараты бойынша, қазір соттарда жалпы 13,5 млрд теңгеге жуық мүлікті мемлекеттік меншікке қайтару туралы прокурордың 10 талабы қаралып жатыр.

Олардың ішінде: астаналық «Шапағат» базары; Шымкенттегі қоқысты қайта өңдеу кәсіпорны – «Таза қала» МКК және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС; Шымкенттегі «Қазақ инновациялық университеті» ЖШС-ға тиесілі, құны 4,5 млрд теңге болатын 150 гектар жер учаскесі; «Сарыағаш» санаторий-курорттық кешеніндегі 1,44 гектар жер; Ақмола облысындағы 17 мың гектар жер учаскесі; Алматыдағы құны 2,9 миллиард теңге болатын 3,84 гектар жер учаскесі; бағалау құны 1,5 миллиард теңге болатын «Найза-БН» ЖШС («Барыс-4» базары) жарғылық капиталының 65%-ы бар.

Бұдан басқа, активтерді кейіннен шығару, экономикалық ресурстарды монополиялық (олигополиялық) шоғырландыру мақсатында мемлекеттік мүлікті заңсыз иелену, міндеттемелерден, оның ішінде салықтық міндеттемелерден жалтару фактілерін анықтау тұрғысынан азаматтық істер бойынша сот актілеріне тексеру жүргізілуде. Қазір 21 миллиард теңгеге олигополия өкілдерінің пайдасына шығарылған сот шешімдерін қайта қарау туралы Бас прокуратураның 11 наразылығы Жоғарғы Соттың қарауында жатыр, - деп хабарлады Зейін Әліпбек.

Активтерді қайтару жөніндегі комиссия жұмысының үш айы ішінде барлығы 523 млрд теңгеге мемлекетке келтірілген залал өтелді және активтер қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама